Жапон танымында жемқорлық лас іс және іріп-шіруді білдіреді
Синтоизм және буддизм философиясы бойынша, адам таза болып туады, егер ол лас нәрсемен айналысса оның жаны ластанады. Жапон тілінде жемқорлық ұғымы «ошйоку» – лас іс деген қос иероглифті сөзбен бейнеленуі осыдан болса керек. Сонымен қатар «ошйокумен» қатар қолданылатын «фухай» деген сөз бар. Бұндағы «фу» иероглифі іріп-шіруді білдіреді. «Сэйджино фухай» – саясаттағы жемқорлық, тура мағынасы – «саясаттағы іріп-шіру». Іріп-шіруден ада жапон қоғамы жемқорлықпен қалай күреседі екен? Енді соған тоқталайық.
Жапонияда жемқорлықпен күресуден гөрі оның алдын алу шаралары арнайы құрылған жүйеге сәйкес жүргізіледі. Жемқорлық пен парақорлықтың алдын алу «Лауазымды тұлғаларды сайлау туралы» (1950), «Парламент туралы» (1950), «Саяси қорлардың жұмысын реттеу туралы» (1948), «Мемлекеттік қызметкерлер туралы» ( 1948), «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» (1947) т.б. заңдар аясында атқарылады. Аталған заңдар қабылданған күннен бастап күші жойылмауымен құнды.
Кейбір елдерге тән «мемлекет қаржысын ірі көлемде жымқыру ісі» Жапонияда жоқ. Жалпы Жапонияда жемқорлық неге жаппай тарамаған десек, оның бірнеше басты себептері бар:
Жапон халқы бала тәрбиесінде ежелгі әдеби шығармаларда жазылған даналық қағидаларын, самурайдың бушидо ар-ождан кодексін негізге алады. Яғни бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, иесіз затты меншіктемеу, әрбір жанды нәрсенің тіршілік етуге құқы бар екенін білу, ата-ананы және үлкендерді құрметтеу, т.б.
Жапон қоғамында «өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жапон қоғамы үшін еңбек ету» деген түсінік бар. Бұны ұжымдық сананың жетілуі деп түсінген жөн. Әр жапон азаматы өзі қызмет ететін мекеме үшін барын салады, ұжым ортақ жетістікке жетуі үшін күш-қуатын аямай еңбек етеді. «Барша жапонның жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етейік» деген ұранды Күншығыс елінің азаматтары әлі күнге ту етіп ұстайды.
Жапонияда басшыны құрметтеу ұғымы бала жастан бойға сіңген қасиет. Жапон тілінде үлкенді, бастықты сыйлау реңкін көрсететін сөздер бар (басшыға қарата сөйлегенде осындай сөздерді қолданады). Бөлім басшысы, басқарма басшысы, мекеме басшысы деп сатылап жоғарылай беретін басқарушы тұлғаларға сонкэйго категориясындағы құрметтеу райындағы сөздер пайдаланылады. Ал басшы адамгершілік, ынсап, сыйластық принциптерінен аттап өтпеуге тиіс.
«Вахтері» мен басшысы тең қоғам
Жапонияда кез келген мекемеде басшы ұжымды басқара отырып қарамағындағы адамдармен тең дәрежеде әрекет етеді. Мәселен тазалық күнінде өзге қызметкерлермен бірге кеңсе ауласын тазалайды. Бұны беделдің төмендеуі деп санамайды. Капиталистік ел бола тұра тұрғындардың қызметіне, материалдық жағдайына қарамастан тең дәрежеде екенін кез келген ситуациядан байқаймыз. Мәселен біздің мекемелерде «вахтер» деген кілт сақтаушы және күзетші қызметіндегі адам бар ғой. Олардың «вахтеріне» дейін судай жаңа автокөлік мініп жүреді және демалыс кезінде қалаған мемлекетке саяхаттауға мүмкіндігі бар. Кейбір дамушы елдердің азаматтарының санасына әбден сіңген «жоғары жалақы алатын бастық қана шалқып өмір сүреді, төменгі санаттағылар күнделікті шай-пұлына жалақысын жеткізіп алса жарайды» деген түсінік бұл елде жоқ.
Жапон менеджерлері, компания басшылары көгалдандыру акцияларына да қарапайым азаматтармен бірге белсене атсалысады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы жапон компанияларының басшыларымен бірге бір топ студент «Таңбалы» шатқалына барған едік. Сонда жапондар қолдарына дорба алып, бұта-бұтаның арасындағы алдыңғы туристерден қалған қағаз қалдықтарын, пластик бөтелкелерді тергеніне куә болдық. Бұл тауда жай ғана қыдыру емес, «Табиғатты таза ұстайық» деген акция екенін сонда барып білдік. Өйткені бізде жоғары санаттағы қызметкерлердің ел қатарлы таудағы қоқысты тазалағанын бұрын көрмегенбіз.
Шенеуніктер қоғамдық көлікпен жүреді
Сондай-ақ Осакада жергілікті депутатпен бірге бастауыш мектепке кездесуге барғаным бар. Депутат станциядан өз көлігімен қарсы алып, жергі-
лікті мектептердің біріне апарды. Мектеп ауласына кіргенде ешкім бізді қарсы алған жоқ. Өйткені таңғы сабақ уақыты болатын. Мектепке кіргенде «депутат Мйоукай Кадзухира келді» деп, қызыл кілем төсеп, құрдай жорғалаған мұғалімдерді көрмедік. Әрқайсысы сыныптарда дәрістерін өткізуде. Оқушылармен кездесу кешінде де «депутат мырза» деп жалбақтаған мектеп қызметкерін байқамадық. Өйткені мұнда депутаттар сайланған аймақтағы мектеп, аурухана, т.б. нысандарға аптасына бір-екі рет міндетті түрде барып, жұмыс жағдайын көріп қайтады екен. Сондай-ақ депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер, тіпті жоғары дәрежелі шенеуніктерге дейін ел қатарлы қоғамдық көлікпен жүреді. Токиодағы депутаттар префектураларды аралау үшін іссапарға шыққанда жалпақ жұртпен бірге шинкансэн немесе дэншя электр пойызына мінеді. Нөкер ертпейді. Өйткені бұл елде басқаға белгілі қылмыс түрлері жоқ.
Әділетті кадр саясаты
Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң талай елде бар, әрине. Бірақ Жапонияда заңға бәрі бағынады. Жақсы тұрмыс үшін жасырынып «сауда жасап» жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады. Жапонияда мемлекеттік және муниципалдық қызметкердің басшы бола жүріп, кеңесші, компания кеңесінің мүшесі, жеке компания иесі, т.б. жұмыстарды қатар атқаруына заңмен тыйым салынған. Жасы жетіп, қызметтен кеткен шенеуніктің екі жыл ішінде өзі басқарған саладағы коммерциялық фирмада қызмет атқаруына болмайды. «Қызметкерлер ісі жөніндегі кеңес» шенеуніктен өзі қызмет атқаратын салада қандай акцияларға иелік ететіні туралы есеп беруді талап ете алады.
Сондай-ақ Жапонияда шенеуніктердің қосымша ақыға немесе сыйақыға жанама қызмет істеуіне болмайды. Бұл елде сайлау алды компанияларын қаржыландыру ісі қатаң бақыланады. Шенеунікке бір мәселені шешу үшін «пара беру» ешбір жапонның ойына да келмейді. Өйткені бұнда барлығы жүйелі, жауапты мекемелер белгіленген міндеттерді заңға сәйкес орындайды.
Жапониядағы 1907 жылғы «Қылмыстық кодекстің» (1995 жылы редакцияланған) 25 бабы парақорлық пен қызмет бабын асыра пайдалануға арналған. Бұл құжат бойынша «пара алды» деген жалған айыптауды және пара беруді пара алумен бірдей заң бұзушылық деп таниды. Пара бергендер де, алғандар да қатаң жазаға кесіледі, яғни үш жылдық айдауға жіберіледі немесе ақшалай айыппұл төлейді. Парақорлық туралы жалған ақпарат бергендер үш айдан он жылға дейін сотталады.
Жапонияда 2000 жылдың қараша айында жемқорлық әрекеті үшін қылмыстық жазаға тартуды көздейтін арнайы заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес жемқор деп танылған тұлға бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 2,5 млн иен айыппұл төлейді.
Жапонияда министрлер кабинеті мүшелерінің, олардың отбасы мүшелерінің, министрлер орынбасарларының, парламент депутаттарының, губернаторлардың дүние-мүлкі туралы декларация тапсыруды міндеттейтін қоғамдық бақылау жүйесі құрылған. Жапониядағы әділетті кадр саясатын жүргізу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау «Қызметкер ісі жөніндегі кеңеске» жүктелген.
Бұл елде заң жүзінде саяси қызметкерлердің этика мәселесіне де үлкен көңіл бөлінген. «Парламент туралы» заңда «Саяси этика» туралы бөлім бар. Депутаттар әдеп ережелері мен саяси этика бағдарламасын қатаң ұстануға міндетті. Арнайы құрылған комиссиялар шенеуніктердің этиканы сақтау дәрежесін тексеріп тұрады.
2000 жылдың сәуір айынан бастап «Мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы» заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес, әдеп бұзған мемлекеттік қызметкер әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ осы заңға сәйкес шенеуніктердің сыйлық алуына да шектеу қойылған. Бөлім бастығының көмекшісі мен одан жоғары қызметкерлер әр үш ай сайын министрлік басшысына немесе басқармаға қабылданған әрбір 5 мың иен (және одан да жоғары) көлемдегі сыйлықтар туралы есеп беруі тиіс. Жоғары дәрежелі шенеуніктер басшылыққа өткен жылдағы кіріс туралы есеп береді. Бұл істе «Этикалық тексерулер жөніндегі комитет» белсенді рөл атқарады. Аталған комитет тексеру жүргізіп, жаза тағайындау құқына ие.
2001 жылғы «Ақпараттың ашықтығы туралы» заңға сәйкес азаматтар үкіметтегі ресми ақпараттарға қол жеткізе алады. Ресейдің жоғары экономикалық мектебінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат зертханасының мәліметі бойынша, соңғы жылдары жүргізілген азаматтардың жемқорлықпен бетпе-бет келуі халықаралық индексінде Жапония мен АҚШ ең төменгі сатыдан көрінген, яғни жемқорлықтан ең таза ел болған.
Токио мэрі не үшін қызметінен кетті?
Өткен жылғы шілде айында Токионың губернаторы Йоичи Масудзоэның басы «жемқорлық дауына» қалды. Оны жұрт саяжайына бір рет қызметтік көлігін мініп барғаны үшін «жемқор» деп айыптаған. Қызметінен кетерде ол адал түрде жұмыс күнін толық аяқтап барып, кабинетінен шыққан.
Йоичи Масудзоэге сондай-ақ қор есебінен каллиграфия сабағы үшін жібек киім сатып алды деген жала жабылды. Баспасөзде өзі туралы сыни мақала жарияланғаннан кейін Масудзоэ жалақысын түгел қайтаруға уәде беріп, қыркүйек айына дейін орнында отыруды сұраған. Бірақ өз атына 31 мың арыз түскенін білген соң, қызметінен кеткен көрінеді.
Жапонияда қызметтен босағандарға белгілі бір мөлшерде төлемақы төленетін тәртіп бар. «Асахидің» жазуынша, Йоичи Масудзоэ жұмыстан босағанда 68 млн иен (650 мың доллар) төлемақы алған. Одан бұрынғы Токио мэрі саяси науқанға пайдалану мақсатында 500 мың доллар қаржыны ресми түрде тіркемегені үшін қызметінен босаған еді.
Жапонияда сайлауалды науқанында компаниялардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, т.б. ақша алуға болмайды. Заң бұзғандар келесі сайлауға қатыса алмайды.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы